Бүгін «Атамекен» телеарнасының «Түскі формат» бағдарламасында «Самұрық-Қазына» АҚ-дағы сатып алу тәртібінің өзгергендігі туралы айтылды.
Тікелей эфирде өткен хабарға «Самұрық-Қазына» Қорының сатып алу әдіснамасы секторының аға менеджері Қайнар Әділбеков, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас менеджері Риза Кеншінбаева, тендерлер бойынша сарапшы Нұрлан Байділдә және экономист Меруерт Махмұтова қатысты.
Спикерлер Қордың жаңа сатып алу тәртібін талқылап, сарапшылардың сұрақтарына жауап берді.
«Биыл 26 және 27 қаңтарда, сондай-ақ 3 ақпанда жаңа сатып алу тәртібінің жобасын талқылау бойынша ҰКП және бизнес қауымдастық өкілдерімен ашық кездесулер өткізілді. Сол уақытта Қор арнайы usynys@sk.kz пошта жәшігін құрған болатын. Оған бизнес қауымдастық және азаматтық белсенділер Қордың сатып алу жүйесін реформалау мәселелеріне қатысты өз ұсыныстарын жіберген еді. Барлығы 200-ге жуық ұсыныс келіп түсті», - деп атап өтті Қордың сатып алу әдіснамасы секторының аға менеджері Қайнар Әділбеков.
Атқарылған жұмыстың қорытындысы бойынша сатып алуды жүзеге асыру рәсімдерін регламенттейтін барлық құжаттар біріздендірілді. Қолданыстағы 9 түрлі деңгейдегі құжаттардың орнына Сатып алуды жүзеге асыру тәртібінің 1 ғана құжаты бекітілді.
Сатып алу мәселелері бойынша Қордың алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылатын сатып алуды қайта қарау болатын. Жаңа редакциядағы Сатып алу тәртібін бекіту бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу үшін негіздерді 41%-ға, атап айтқанда, 2021 жылмен салыстырғанда 34-тен 20-ға дейін қысқартуға ықпал етті.
Қордың Сатып алуды жүзеге асыру тәртібі шеңберінде отандық бизнесті қолдаудың түйінді шаралары да айтылды.
«Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас менеджері Риза Кеншінбаева Қордың сатып алуларында 2016 жылдан бастап енгізілген алдын ала біліктілік іріктеу (қысқаша - ПКО) туралы мол мағлұмат беріп, оның артықшылықтарына тоқталып өтті.
Айта кетейік, ПКО процесі, соның ішінде Қазақстан үшін импорттық өнім беретін біркүндік компаниялармен күресу үшін арнайы құрылып, «Самұрық-Қазына» Қорының сатып алуларына енгізілді.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық өндірушілерді қолдау жөніндегі саясатының арқасында Қор импортты алмастыру бағдарламасын жүзеге асыруда. Ол тауар өндірушілермен ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттар жасай отырып, Қазақстанда баламасы жоқ жаңа өндірістер құруды ынталандырады. Бүгінде ел аумағында өндірілмейтін, жалпы сомасы 200 млрд. теңгеден асатын 4 150 тауар позициясынан тұратын тауарлардың таза импортының пулы құрылды», - деді «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас менеджері Риза Кеншінбаева.
Импортты алмастыру бағдарламасының қолданылу кезеңінде 54 жоба мақұлданып, 82,2 млрд.теңге сомасына 192 оффтейк-келісімшарт жасалды.
Айта кету керек, бұрын аталған жобалар бойынша өнімді Қор компаниялары шетелден сатып алған болатын, енді бұл толықтай қазақстандық өнім.
Жалпы, Қор елдегі және әлемдегі экономикалық жағдайды назарға ала отырып, отандық бизнесті қолдаудың жаңа шараларын сақтау және әзірлеу жөніндегі жұмысты жалғастырады.