1991 жылы Қазақстан атты кең байтақ еліміз көк байрағын көкке желбіретіп, ежелден аңсаған азаттығына қол жеткізген. Тәуелсіздік алғанда Ақмола облысы, Зеренді ауданында мен де жарық дүниеге шыр етіп келген едім. Содан бері еліммен бірге өсіп, күннен-күнге гүлденіп, көркейіп келемін.
Биыл Тәуелсіздігімізге — 30 жыл. Бұл мереке әсіресе, Тәуелсіздіктің құрдастары үшін ерекше мейрам. Мен де егемен елдің құрдасымын. Тәуелсіздіктің төл құрдасы атану мен үшін үлкен мәртебе, бақыт және мақтаныш.
«Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ", — деп ақын Қасым Аманжолов айтпақшы, біз шексіз бақыттымыз. Сондықтан, тәуелсіздіктің құрдасы екенімді ойлағанда, бойымды ерекше сезім билейді. Ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған қасиетті жерімізді ардақтап, қорғау — әрбіріміздің парызымыз.
Ал, «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобында қызмет ету мен үшін үлкен жауапкершілік. 7 жылдан бері «Самұрық-Қазына Контракт» мекемесінің Call-орталығында жұмыс істеймін. Электрондық сатып алулардың ақпараттық жүйесін техникалық қолдау. Бұл — біздің негізгі міндетіміз.
Біз пайдаланушыларға қашықтан кіру бағдарламасы арқылы қосылып, туындаған мәселенің нақты себебін түсіндіре аламыз. Бұл өте ыңғайлы. Электрондық сатып алудың ақпараттық жүйесі - сатып алуды тіркеу, сатып алуға қатысу, алдын ала біліктілік іріктеуден өту сияқты сұрақтар жиі қойылады.
Менің ойымша, Тәуелсіздік жылдары туған ұрпақ - алдына мақсат қоюдан және оған жетуден қорықпайтын жалынды да жаңашыл жастар.