Қарағандыда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасын іске асыру бойынша кеңес өтті. Оған орталық мемлекеттік органдардың, даму институттарының, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың, шағын және орта бизнестің өкілдері қатысты.
Бағдарлама ең алдымен халықтың табысын арттыруға және нәтижелі жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы, өңдеу өнеркәсібінде 126 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрумен 713 жоба іске асырылатын болады. 50 ірі кәсіпорынның айналасында шағын және орта бизнес белдеулері құрылады, бұл кәсіпкерлік субъектілерінің кірістерін арттыруға, тауарларды кепілді өткізуге, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
2022 жылы республикада 165 инвестициялық жобаны іске асыру есебінен 16,3 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Жұмыспен қамтудың ең көп өсуі Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында болады деп күтілуде.
Ауылдық жерлерде 2025 жылға дейін 52,4 мың, моноқалаларда 11,1 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Мысалы, Саран қаласында бағдарлама шеңберінде алты жобаны іске қосу есебінен шамамен 2,5 мың жұмыс орны ашылады. Моноқалада автобустар мен жүк көліктері, шиналар өндіруден басқа, инвесторлар тұрмыстық техника шығаруға ниетті.
Болжам бойынша, елімізде металлург, технолог, химик, оператор, машинист және т. б. мамандықтар бойынша 75 мыңнан астам жаңа және жоғары білікті жұмыс орындары пайда болады.
Өнеркәсіпті дамыту қоры өңдеу өнеркәсібінің жобаларын жеңілдікті шарттармен: ШОБ үшін - 10 жылға дейінгі мерзімге 3% мөлшерлеме бойынша; кәсіпорындардың барлық түрлері үшін - 20 жылға дейінгі мерзімге 7% мөлшерлеме бойынша қаржыландыратын болады.
Сондай-ақ, іссапар аясында делегация Қарағанды облысындағы өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысымен танысты. Жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті дамыту, кадрлар даярлау мәселелері басты назарда болды.
Қарағанды облысында жалпы өңірлік өнім құрылымында басым үлесті өнеркәсіп алады. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өңірде 1,3 трлн теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,4% - ға жоғары. Бұл көлемнің 80% - ға жуығы өңдеу өнеркәсібінің үлесінде.
Теміртаудағы "Имсталькон" және "КазАрматура" кәсіпорындар ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етеді.
"Имсталькон-Теміртауда" 700-ге жуық адам еңбек етеді. Жұмысқа жас мамандар шақырылады, ал тәлімгерлер оларға еңбек ұжымына сіңісуге тәжірибелік көмек көрсетеді. Бұл мекеме "Ірі кәсіпорындардың айналасында ШОБ белдеуін құру" бағдарламасы бағытында жұмыс істейді. Ірі тапсырыс берушілердің бірі - "АрселорМиттал Теміртау". "Имсталькон-Теміртау" аталмыш компания нысандарын күрделі жөндеу мен қайта құруға қатысады, жобалау қызметімен, жабдықтарды монтаждаумен және басқа да жұмыстармен айналысады.
"ҚазАрматура" зауыты энергетика, мұнай және газ өндіру, металлургия мен химия өнеркәсібі үшін жабдықтар шығарады. Жоба Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Кәсіпорын жоғары білікті мамандар қызмет көрсететін жаңғыртылған өндірістік станоктармен жабдықталған.
Бұдан кейін Премьер-Министрдің орынбасары бастаған делегация ЖК "Борусан Макина Қазақстан" ЖШС-нің ауыр техникаға қызмет көрсету жөніндегі сервистік орталығына, Қарағанды құю-машина жасау зауытына, "Ютария ltd" тігін фабрикасына барды. Вице-Премьерге өндірісті жаңғырту барысы туралы баяндалды, бұл жұмыс жүктемесін арттыруға және тұрақты кірісті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Мысалы, "Борусан Макина Қазақстан" сервистік орталығы ауыр техникаға қызмет көрсетеді. Мұнда 290 адам еңбек етуде. Бұл кәсіпорынның жұмысы импортқа тәуелділіктен арылуға мүмкіндік берді. Премьер-Министрдің орынбасарына қозғалтқыштар, турбокомпрессорлар, гидротрансформаторлар және басқа да тораптар жөнделетін құрастыру цехы таныстырылды. Цехта 28 жұмыс аймағы, компоненттерді тестілеу бөлмелері бар.
Ауқымды жаңғырту нәтижесінде Қарағанды құю-машина жасау зауыты елдегі өндірісті цифрландыру көшбасшыларының біріне айналды. Кәсіпорында 825 адам жұмыс жасайды. Жастарды қабылдау үшін компания жергілікті колледждермен ынтымақтастық орнатқан.
"Ютария ltd" тігін фабрикасы 250-ден астам әйелдің тұрақты жұмысы мен табысын қамтамасыз етеді. Өнімділікті арттыру үшін мұнда заманауи өнеркәсіптік жабдық қолданылады, үлгілер мен макеттерді автоматтандырылған шаблондық жобалау жүйесі енгізілді. Кәсіпорында мамандарды оқыту орталығы жұмыс жасайды.
Сондай-ақ, Вице-Премьер "Қолғанат-Қарағанды" тігін фабрикасының жұмысымен танысты. Кәсіпорын директоры Асхат Есентұровтың айтуынша, кәсіпорында 45 адам еңбек етеді, ал ұжымның жартысынан көбі мүмкіндігі шектеулі жандар. Өткен жылы компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі "Парыз"облыстық конкурсында жеңіске жетті. Биылдан бастап ол әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енді.
Сонымен қатар, Вице-Премьер қалалық бос орындар жәрмеңкесінде болды. Ұйымдастырушылар шараға 50-ден астам жұмыс беруші мен жеті оқу орталығы қатысатынын хабарлады. Жалпы екі мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды.
Ералы Тоғжанов Қарағанды жоғары политехникалық колледжінде де болды. Премьер-Министрдің орынбасарына дуальды оқыту бойынша әлеуметтік серіктестермен бірге жұмысшы кадрларды даярлау жөнінде айтылды. Ол "ZhasMaman" құзыреттілік орталығының қызметімен танысты. Колледж түлектерімен кездесуде жұмысқа орналасу және жастар кәсіпкерлігі мәселелері талқыланды.